Мектебімізде жас мамандар мен тәлімгерлердің байқауы өтті. Бұл байқауға кәсіби өмірге енді қадам басып келе жатқан, жоғары оқу орнын бітіріп, өзінің алғашқы еңбек жолын біздің мектепте бастаған жас мамандар мен жыл бойы өз білімдерін, тәжірибесін бөліскен тәлімгерлер қатысты. Осы оқу жылында мектебімізге жоғары оқу орнын бітірген 6 жас маман келді. Бұл байқауға 4 жас маман қатысып, өздерінің жыл бойы үйренген әдіс-тәсілдерін, жеткен жетістіктерін және өз өнерлерін таныстырды. Біздің жас мамандар ән де айтады, поэзияға да қызығады, зергерлік бұйымдар да жасай алады. Ал тәлімгерлеріміз болса өздерінің бар білгенімен жас әріптестерімен бөлісіп, оларға барынша қолдау білдіріп, мектепте жас ұстаздардың жұмысқа барынша бейімделуіне өз ықпалдарын тигізіп келеді. Осындай байқаулар жастар арасында өзара тәжірибе алмасуға, бір-бірімен жақынырақ танысуға көмектеседі. Жастарымыз қаншалықты жақын араласып, жұмыста өзара ынтымақтастық жасаса мектебіміз жаңарып, жаңа креативті ұсыныстар түседі деп ойлаймыз. Тәлімгерлеріміздің жыл бойы жемісті атқарған жұмысына алғыс білдіріп, жас мамандардың кәсіби өміріне сәттілік тілейміз!