Бейбіт күнде жарқырай түскен қыркүйектің шуақты күні мектепке алғашқы қадам басқан бүлдіршіндерді еріксіз аялады. Мектеп басшысы ретінде жиналған қауымды Білім күнімен құттықтап, оқушыларға білім игеруде үлкен жетістіктерге жетуіне сәттілік тіледім. Салтанатты жиыннан соң оқушылар мектеп табалдырығын аттап, өз сыныптарында мұғалімдермен қауышты.

Биылғы 2022-2023 оқу жылында мектептің материалдық- техникалық базасында бірқатар өзгерістер жасалды. Жазғы демалыс мезгілінде мектеп ғимаратында ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2,3 қабаттардағы мектеп ашылғаннан бергі қолданыстағы ескі линолеумдер жаңартылды.

Білім берудің басым бағыттарының бірі оқушылардың компьютерлік сауаттылығын қалыптастыру болып табылады. Компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру ғылым, техника, медицина, білім беру және мәдениет саласына негізгі әсерін тигізеді. Болашаққа сеніммен қарайтын оқушыларға арнап, бір кабинетті STEM кабинетімен жабдықтадық. STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі. Ол оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау, ғылыми-техникалық білімді күнделікті өмірде пайдалану, белсенді қарым-қатынас құру, техникалық пәндерге қызығушылықты арттыру, жобаларға креативті және жаңашыл қарауға мүмкіндік береді. STEM кабинетінде физика, биология, химия, технология, математика пәндері жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мектептің алдыңғы жоспарында біртіндеп өңдеу – жаңарту жұмыстары жалғасады.